2027 жылға дейін БАКАД-қа радиалды жолдарды тесу жұмыстары аяқталады

09.07.2026

Алматыда автомобильдердің үлкен ағынымен байланысты проблеманы шешу үшін қалаға кіретін магистральдардың санын көбейту қажет. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев ОКҚ брифингінде журналистердің сұрақтарына орай берген жауабында айтты.

Бүгінде 2 көшеде – Рысқұлов даңғылы мен Саин көшелерін БАКАД-қа дейін тесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар БАКАД-қа апаратын 3 радиалды жолды тесу бойынша ЖСҚ әзірленуде. Бұл Абай даңғылының, Северное айналма көшесі және Тілендиев көшесінің екінші бөлігі. Біз бұл жұмыстарды 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Шаһар басшысының айтуынша, қолданыстағы қалаға кіретін ірі магистральдардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында Құлжа трактісін Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолаққа дейін кеңейтуге ЖСҚ әзірлеу басталды.

Қазіргі таңда қала ішіндегі көлік жүктемесін азайту үшін Төле би көшесін (Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін) тесу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Қажымұқан көшесін (Сейфуллин даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін) және Жұбанов көшесін (Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін) тесу жұмыстарын бастау жоспарлануда, Мұқанов көшесін (Райымбек даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін) тесуге ЖСҚ әзірленуде. Жұмыстарды 2027 жылға дейін аяқтау жоспарлануда.

Шаһар басшысы өзінің тапсырмасы бойынша жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұған қаладағы қалған 498 бағдаршам да кіреді.

«2021 жылдың қыркүйегінде біз жаңғыртудың бірінші кезеңі бойынша жұмыстарды аяқтадық. Бүгінде 591 нысанның 93-і автоматты режимде жұмыс істейді. Жалпы, жұмыстар 2025 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Автоматтандырылған жүйе көшелердің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді қала әкімі.


Басқа жаңалықтар

Алматыда Саин көшесін ұзарту учаскесінде көлік қозғалысы ашылды
29.07.2026

Алматыда Саин көшесін ұзарту учаскесінде көлік қозғалысы ашылды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы бойынша көлік қозғалысы техникалық түрде ашылды. Жаңа учаскенің ұзындығы – 3,2 км.

Жобаны жүзеге асыру 2018 жылы басталған болатын. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 20 мамырға жоспарланған қозғалысты ашу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Қолайсыз ауа райы 110 кВ электр беру желісін көшіру жұмыстарын кешеуілдеткен.

Қазіргі уақытта жол бойында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттың жоғарғы қабаты төселеді.

Сондай-ақ, учаскеде қосалқы жолдарды, жүргіншілер жолдарын, велосипед жолдарын салу және оған іргелес аумақтарды көркейту жұмыстары жалғасуда.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін бұл учаскеде жылдамдық шегі 40 км/сағ болып белгіленді.

Жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға тиіс.


Алматыда Момышұлы көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі
27.07.2026

Алматыда Момышұлы көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру аясында құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты Момышұлы көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Атап айтқанда, Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы үшін жолдың ортадағы екі жолағы жабылады. Құрылыс жұмыстары кезеңінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істемейді, сондай-ақ бейнебақылау камералары бұл жолаққа шыққан көліктерді тіркемейді.

Жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, аталған учаскеде көлік қозғалысының қиындауы мүмкін екенін ескеру ұсынылады.

Еске салсақ, жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші кезеңінің бағыты Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – «Алматы-2» теміржол вокзалы бағытымен өтеді. Депо Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады.

Жобаның бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырым болады.


Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жаңа магистраль салынады
24.07.2026

Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жаңа магистраль салынады

Алматыда «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту аясында қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жаңа жолдар мен инженерлік коммуникациялар салу жоспарланған. Жоба 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Бас жоспарға енгізіліп жатқан түзетулер бұл жобаға қатысты қандай да бір өзгерістерді көздемейді.

Аумақтардың көлік байланысын жақсарту мақсатында Баймағамбетов көшесі, Құлжа тас жолы, Бұқтырма көшесі және Рысқұлов даңғылы шектейтін аумақта жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жаңа жолдар салу жоспарланып отыр.

Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылын жалғайтын жаңа магистраль алты жолақты болады. Оның ені – 50 метр, ұзындығы – 4,6 шақырым. Бұл жолды салу Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көлік қолжетімділігі артып, қаланың көше-жол желісінің өзара байланысы жақсарады, сондай-ақ Алматы мен агломерациядағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тиімділігі күшейеді.

Жоспарланған магистраль жеке тұрғын үй секторы арқылы өтетіндіктен, мемлекеттік қажеттілік үшін шамамен 200 жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу көзделген. Осыған байланысты қала әкімдігі тиісті қаулы қабылдап, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарлама жолданды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, полиорталықтар жүйесін дамыту Алматының негізгі даму басымдықтарының бірі болып қала береді. Жаңа полиорталықтарда қоғамдық-іскерлік және тұрғын үй кластерлерін қалыптастыру, көлік-логистикалық тораптарды дамыту, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандар салу көзделген.

Сонымен қатар қаланың аумақтық даму мүмкіндігінің шектеулі екенін ескере отырып, мегаполисті дамытудың басым бағыты ретінде жеке тұрғын үй секторын кезең-кезеңімен қайта жаңғырту және дамыту қарастырылған. Бұл әлемнің ірі қалаларында қалыптасқан тәжірибеге толық сәйкес келеді.


Алматыда Ақан Сері көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады
22.07.2026

Алматыда Ақан Сері көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады

Ақан Сері көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Осыған байланысты 14 шілде сағат 20:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін Сейфуллин даңғылынан Котельников көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы толықтай жабылады.

Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту жол белгілері мен мердігер ұйым басшысының байланыс ақпараты көрсетілген ақпараттық тақта орнатылады. Жүргізушілерден қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Еске салайық, жол қозғалысына енгізілген барлық уақытша шектеу туралы ақпарат @AlmatyJoly Telegram-арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс Карталар» қосымшаларында жарияланады.