Жаңалықтар

Алматыда Қала күні алғашқы гастрономиялық көше ашылады: тұрғындар ашылу салтанатына шақырылады
18.09.2026

Алматыда Қала күні алғашқы гастрономиялық көше ашылады: тұрғындар ашылу салтанатына шақырылады

20 қыркүйекте, Қала күні Алматыда алғашқы гастрономиялық көше ашылады. Ол Масанчи көшесінің Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде орналасқан.

Масанчи көшесінде гастрономиялық кеңістік құру жобасы Алматыда мамандандырылған гастрономиялық көшелер желісін қалыптастыру аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба қала экономикасын, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ заманауи қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған.

Гастрономиялық көшелер тұжырымдамасы гастрономия, мәдениет, кәсіпкерлік пен көркейтуді біртұтас қалалық ортада тоғыстыратын халықаралық тәжірибеге негізделген.

Мұндай кеңістіктер жергілікті бизнестің дамуына серпін беріп, көшелердің тартымдылығын арттырады әрі тұрғындардың демалып, уақыт өткізуіне және қарым-қатынас жасауына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Жоба аумақтарды бірыңғай сәулеттік тәсіл негізінде кешенді жаңғыртуды және гастрономиялық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Нысандардың кемінде 60%-ын қоғамдық тамақтану орындары, ал 40%-ға дейінгі бөлігінде гастрономиялық көше тұжырымдамасына сай өзге де кәсіпкерлік нысандар – гүл дүкендері, қолөнер шеберханалары, кітап дүкендері, галереялар және басқа да орындар болады.

Масанчи көшесі осы бағыт аясында жүзеге асырылған алғашқы кеңістік болмақ. Ұзындығы 413 метр аумақта жартылай жүргіншілер аймағы, кеңейтілген тротуарлар, көгалдандырылған аумақтар, веложол және қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдары бар заманауи қалалық орта қалыптастырылды.

Көркейту жұмыстары аясында жол жабыны мен қалалық инфрақұрылым элементтері жаңартылып, кедергісіз орта жасалды. Жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Аумақ жасыл желекпен, арт-нысандармен және шағын сәулет нысандарымен толықтырылды. Сонымен қатар ғимараттар «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша қайта жаңғыртылды.

Масанчи көшесінің тұжырымдамасы музыка мен қалалық мәдениетке басымдық беретін жастар гастрономиялық көшесін жасауды көздейді. Оның тақырыптық бағыттарының бірі аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына арналады. Топ мүшелері кезінде Қазақ политехникалық институтының студенттері болған.

Көше бойында барлығы 26 нысан орналасқан. Оның 16-сы – жұмыс істеп тұрған және ашылуы жоспарланған қоғамдық тамақтану орындары. Олардың қатарында Bal, Tary, The Point және басқа да мейрамханалар бар. Қазіргі уақытта бірқатар нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олар кезең-кезеңімен ашылады.

Алматыда гастрономиялық көшелер желісін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыт қоғамдық тамақтану орындарын, шағын және орта бизнесті және заманауи қоғамдық кеңістіктерді бір ортаға біріктіруді көздейді.


Алматыда түнгі уақытта Төле би көшесінің бірқатар учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі
14.09.2026

Алматыда түнгі уақытта Төле би көшесінің бірқатар учаскесінде көлік қозғалысы шектеледі

Алматыда LRT жобасын жүзеге асыру аясында Төле би көшесінің бірқатар учаскесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Атап айтқанда, 12 және 13 қыркүйек күндері сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін Масанчи көшесінен Байтұрсынұлы көшесіне дейінгі және Наурызбай батыр көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы жабылады.

Жұмыстардың орындалу мерзімі технологиялық үдерістің ерекшеліктеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Жөндеу жүргізілетін учаскелерде ескерту белгілері орнатылады. Жол жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Еске саламыз, көлік қозғалысына енгізілетін шектеулер туралы барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталары» сервистерінде жарияланады.


Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
14.09.2026

Алматыда Абай даңғылының бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Абай даңғылының бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

13 қыркүйек сағат 06:00-ден 14 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Саин көшесінен Б. Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта автокөлік қозғалысы жабылады.

Жұмыс мерзімі ауа райы жағдайы мен технологиялық үдеріске байланысты өзгеруі мүмкін. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері орнатылады. Жол қозғалысына қатысушылардан бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Еске салайық, жол қозғалысына енгізілетін шектеулер туралы барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталары» сервистерінде жарияланады.


Алматының Медеу ауданында Олимпийская көшесінің бір бөлігі уақытша жабылды
14.09.2026

Алматының Медеу ауданында Олимпийская көшесінің бір бөлігі уақытша жабылды

Алматының Медеу ауданында 18 қыркүйекке дейін Олимпийская көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектелді. Бұл шаралар 220 кВ кабельдік электр беру желісінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге байланысты енгізілді.

Жұмыс Олимпийская көшесіндегі №4А үйдің маңында жүргізіліп жатыр. Жұмыс кезеңінде Тышқанбаев көшесінен Байқоңыр көшесіне дейінгі аралық жабылды.

Жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі №2363 220 кВ электр беру желісінің кабельдік учаскесінің зақымдануына байланысты туындады. Соның салдарынан қазіргі уақытта энергия жүйесі мәжбүрлі түрде ажыратылған схема бойынша жұмыс істеп тұр. Бұл Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электрмен жабдықтау сенімділігін төмендетеді.

Қалыпты жұмыс схемасын қалпына келтіру үшін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандарына жолдың жүріс бөлігінің астында тікелей апаттық жұмыс жүргізу қажет.

Жұмыс қауіпсіздік талабын сақтай отырып, тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін бұзылған көріктендіруді қалпына келтіру жоспарланған.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан көлік қозғалысына енгізілген уақытша шектеуді ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.


Алматыда Абылай хан даңғылының кей учаскелерінде түнде көлік қозғалысы шектеледі
10.09.2026

Алматыда Абылай хан даңғылының кей учаскелерінде түнде көлік қозғалысы шектеледі

Алматыда LRT жобасын жүзеге асыру аясында Абылай хан даңғылының кей учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

10 қыркүйек сағат 22:00-ден 11 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Мақатаев пен Мәметова көшелерінің арасындағы учаскеде көлік қозғалысы толығымен жабылады. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында Райымбек даңғылынан Тузов көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс шектеледі.

Жұмыс жүргізу мерзімі технологиялық үдеріске байланысты өзгеруі мүмкін. Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері қойылады. Жол жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз.

Еске салайық, көлік қозғалысына қатысты барлық ақпарат @Almaty_Joly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталар» сервистерінде жарияланады.


Алматыда жылу магистралін қайта жаңғыртуға байланысты Арықов көшесіндегі қозғалыс уақытша шектеледі
05.09.2026

Алматыда жылу магистралін қайта жаңғыртуға байланысты Арықов көшесіндегі қозғалыс уақытша шектеледі

Алматыда 2026 жылы 5 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Арықов көшесінің Жетісу көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы толығымен жабылады. Мұндай шектеу жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері хабарлады.

Сонымен қатар, 12-25 қыркүйек аралығында Арықов және Жангелдин көшелерінің қиылысында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Алайда Жангелдин көшесі толық жабылмайды. Шектеу тек оның Арықов көшесімен қиылысатын бөлігіне енгізіледі.

Жөндеу жұмыстары кезінде жүргізушілер Райымбек даңғылы мен Мақатаев көшесі арқылы айналып өте алады. Ал маңайдағы көшелердегі қозғалыс бекітілген жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасына сәйкес реттеледі.

Жұмыс жүріп жатқан аумаққа уақытша жол белгілері, қоршаулар мен бағыттаушы белгілер қойылады. Мердігер ұйым жүргізушілер мен жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттелді.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеуді ескеріп, жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұраймыз.

Уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз.


Алматыда 4-13 қыркүйек аралығында Центральная және Талды көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
04.09.2026

Алматыда 4-13 қыркүйек аралығында Центральная және Талды көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Шұғыл апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 2026 жылы 4-13 қыркүйек аралығында Центральная және Талды көшелерінің Кәкімбек Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі бөлігінде автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары айтты.

Жұмысты жүргізу қажеттілігі №2353 және №2363 220 кВ электр беру желілерінің зақымдануына байланысты туындаған. Соның салдарынан Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ететін 220 кВ желінің сақиналы сызбасы бұзылған.

Электрмен жабдықтаудың сенімді сызбасын қалпына келтіру үшін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары Центральная және Талды көшелері маңындағы зақымдалған кабель учаскесінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде жүргізуі қажет.

Жұмыстардың ерекшелігіне байланысты аталған аумақта жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібі уақытша өзгереді.

Жұмыс барлық қажетті қауіпсіздік шараны сақтай отырып, тәулік бойы жүргізіледі. «АЖК» АҚ мамандары жұмыстарды жедел аяқтап, көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеу мерзімін барынша қысқарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.

Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары технологиялық ақаудың одан әрі өршуіне жол бермеуге және Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын электрмен жабдықтаудың сенімді сызбасын қалпына келтіруге бағытталған.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан бағытын алдын ала жоспарлап, қажетті жұмыстарға байланысты уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз.


Алматыда GT SPORT FEST фестиваліне байланысты Төле би көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі
03.09.2026

Алматыда GT SPORT FEST фестиваліне байланысты Төле би көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

Алматыда Қала күніне орай 6 қыркүйекте GT SPORT FEST спорт фестивалі өтеді. Осыған байланысты Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.


6 қыркүйек күні сағат 00:00-ден 23:00-ге дейін Төле би көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы толық тоқтатылады.

Фестивальге қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ іс-шараны ұйымдастыру және өткізу мақсатында уақытша шектеу енгізіледі.

Жүргізушілерден бағытын алдын ала жоспарлап, көлік қозғалысы сызбасындағы уақытша өзгерісті ескеруді сұраймыз.

Айта кетейік, GT SPORT FEST фестиваліне шамамен 1000 әуесқой және кәсіби спортшы қатысады. Бағдарламада 3×3 стритбол, киберспорт, брейкинг, BMX және автошоу бар.


Алматыда Жұбанов көшесінің бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты түнде жабылады
03.09.2026

Алматыда Жұбанов көшесінің бір бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты түнде жабылады

Жұбанов көшесінің бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Атап айтқанда, 3 қыркүйек сағат 23:00-ден 4 қыркүйек сағат 05:00-ге дейін Өтеген батыр көшесінен Алтынсарин даңғылына дейінгі аралықта асфальтбетон жабындысының жоғарғы қабатын төсеуге байланысты көлік қозғалысы толық жабылады.

Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері орнатылады. Жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райына немесе өндірістік қажеттілікке байланысты өзгеруі мүмкін.

Еске салайық, көлік қозғалысын шектеуге қатысты барлық ақпарат @AlmatyJoly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс Карты» қосымшаларында жарияланады.


Алматыда Саин көшесін ұзарту учаскесінде көлік қозғалысы ашылды
29.07.2026

Алматыда Саин көшесін ұзарту учаскесінде көлік қозғалысы ашылды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы бойынша көлік қозғалысы техникалық түрде ашылды. Жаңа учаскенің ұзындығы – 3,2 км.

Жобаны жүзеге асыру 2018 жылы басталған болатын. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 20 мамырға жоспарланған қозғалысты ашу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Қолайсыз ауа райы 110 кВ электр беру желісін көшіру жұмыстарын кешеуілдеткен.

Қазіргі уақытта жол бойында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттың жоғарғы қабаты төселеді.

Сондай-ақ, учаскеде қосалқы жолдарды, жүргіншілер жолдарын, велосипед жолдарын салу және оған іргелес аумақтарды көркейту жұмыстары жалғасуда.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін бұл учаскеде жылдамдық шегі 40 км/сағ болып белгіленді.

Жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға тиіс.


Алматыда Момышұлы көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі
27.07.2026

Алматыда Момышұлы көшесінде LRT құрылысына байланысты қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын іске асыру аясында құрылыс жұмыстарының басталуына байланысты Момышұлы көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

Атап айтқанда, Мөңке би көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы үшін жолдың ортадағы екі жолағы жабылады. Құрылыс жұмыстары кезеңінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жұмыс істемейді, сондай-ақ бейнебақылау камералары бұл жолаққа шыққан көліктерді тіркемейді.

Жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, аталған учаскеде көлік қозғалысының қиындауы мүмкін екенін ескеру ұсынылады.

Еске салсақ, жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші кезеңінің бағыты Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – «Алматы-2» теміржол вокзалы бағытымен өтеді. Депо Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады.

Жобаның бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырым болады.


Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жаңа магистраль салынады
24.07.2026

Алматыда Рысқұлов даңғылынан Бұқтырма көшесіне дейін алты жолақты жаңа магистраль салынады

Алматыда «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту аясында қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде жаңа жолдар мен инженерлік коммуникациялар салу жоспарланған. Жоба 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Бас жоспарға енгізіліп жатқан түзетулер бұл жобаға қатысты қандай да бір өзгерістерді көздемейді.

Аумақтардың көлік байланысын жақсарту мақсатында Баймағамбетов көшесі, Құлжа тас жолы, Бұқтырма көшесі және Рысқұлов даңғылы шектейтін аумақта жалпы ұзындығы 17,5 шақырым болатын жаңа жолдар салу жоспарланып отыр.

Бұқтырма көшесі мен Рысқұлов даңғылын жалғайтын жаңа магистраль алты жолақты болады. Оның ені – 50 метр, ұзындығы – 4,6 шақырым. Бұл жолды салу Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде көлік қолжетімділігі артып, қаланың көше-жол желісінің өзара байланысы жақсарады, сондай-ақ Алматы мен агломерациядағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тиімділігі күшейеді.

Жоспарланған магистраль жеке тұрғын үй секторы арқылы өтетіндіктен, мемлекеттік қажеттілік үшін шамамен 200 жер учаскесін мәжбүрлеп сатып алу көзделген. Осыған байланысты қала әкімдігі тиісті қаулы қабылдап, жылжымайтын мүлік иелеріне хабарлама жолданды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, полиорталықтар жүйесін дамыту Алматының негізгі даму басымдықтарының бірі болып қала береді. Жаңа полиорталықтарда қоғамдық-іскерлік және тұрғын үй кластерлерін қалыптастыру, көлік-логистикалық тораптарды дамыту, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандар салу көзделген.

Сонымен қатар қаланың аумақтық даму мүмкіндігінің шектеулі екенін ескере отырып, мегаполисті дамытудың басым бағыты ретінде жеке тұрғын үй секторын кезең-кезеңімен қайта жаңғырту және дамыту қарастырылған. Бұл әлемнің ірі қалаларында қалыптасқан тәжірибеге толық сәйкес келеді.