Алматыдағы көшеге Денис Теннің аты беріледі
Алматыда Үлкен Алматы өзенінің маңындағы көшеге Денис Теннің аты беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денис Теннің есімі берілетін көше Алматының Бостандық ауданында орналасқан. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында қалалық әкімдік жанындағы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет хабарлады.
Денис Теннің есімі 7-көшеге беріледі. Ол – президент саябағының жоғарғы жағында, Үлкен Алматы өзенінің жанында орналасқан, ұзындығы 800 метр болатын көше. Қайта атау 2025 жылға арналған жол картасы аясында жүргізіліп жатыр. Бұл құжат Алматыдағы атаусыз 156 көшеге атау беруді қарастырады.
Олардың ішінде 22 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атымен, тағы 15 көше белгілі тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Денис Теннен бөлек, бұл тізімге академиктер Абдуали Қайдар, Карл Байпақов, Саим Балмұханов, әлем чемпионы Анатолий Храпатый, КСРО халық әртісі Наталья Сац және басқа да есімдер кірген.
Бақыт Қалымбеттің айтуынша, Алматы қаласының ономастикалық комиссиясы мен Республикалық ономастикалық комиссия көшелерге жаңа атау беру туралы ұсынысқа оң қорытынды берген.
Айта кетейік, Денис Тен 1993 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол – 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, елдің бес дүркін чемпионы.
Басқа жаңалықтар
ячсяс
ячсячсячс

Алматыда көрнекті қаламгерлерге көше аттары берілді
Алматы қаласы мәслихатының XXXIV сессиясында депутаттар бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қарады. Негізгі шешімдердің бірі – қаладағы 156 атаусыз көшеге атау беру болды. Оның ішінде 22 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін иеленсе, 15 көше «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілген көрнекті қайраткерлердің атын алады. Олардың қатарында халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтар бар. Қаламгерлерден бөлек, шешім аясында белгілі түрколог Әбдуәли Қайдар, ғалым Шора Сарыбаев, тіл білімінің көрнекті ғалымы Рәбиға Сыздық, қазақстандық тұңғыш телевизия аниматоры Әмен Қайдаров, суретші Сабыр Мәмбеев, ғалым Карл Байпақов атындағы көшелер пайда болмақ. Ал қалған 118 көше танымдық, тарихи-мәдени және дәстүрлі атауларға ие болады. Бұл ұсыныстар алдын ала мәслихат комиссияларында қаралып, Қоғамдық кеңеспен келісілген және Республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысын алған.
Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі

Алматыдағы атаусыз көшелердің біріне Денис Теннің есімі беріледі
https://egemen.kz/article/391890-almatydaghy-atausyz-koshelerdinh-birine-denis-tenninh-esimi-beriledi

Алматыдағы атаусыз көшелердің біріне Денис Теннің есімі беріледі
Алматы қаласының жеті ауданындағы 156 атаусыз көшеге жаңа атау берілуі мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімдігі аталған ұсынысты мәслихаттың қарауына жіберген. Көшелерге ғылым, мәдениет, өнер саласында айрықша еңбек сіңірген танымал тұлғалардың есімдері берілмек.
Атап айтқанда, Әуезов ауданындағы көшелерге белгілі ғалымдар, тіл мамандары — академик Әбдуәли Қайдар мен Рәбиға Сыздықтың есімдері беріледі. Сондай-ақ, осы ауданда әлемдегі тұңғыш балаларға арналған музыкалық театрдың негізін қалаушы Наталья Сацтың есімі де бір көшеге берілмек.
Бостандық ауданындағы бір көшеге 2018 жылы қайғылы жағдайда қаза тапқан әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі беріледі. Сонымен қатар, қазақ анимациясының негізін қалаушылардың бірі — Әмен Қайдаровтың есімі де осы ауданның бір көшесіне берілуі жоспарланған.
Алатау ауданында көшелерге абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог Қайым Мұхамедхановтың, сондай-ақ вьетнам халқының бостандығы жолында күрескен мемлекет қайраткері Хо Ши Миннің есімдерін беру ұсынылған.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы да Алматы қаласының мәслихаты мегаполистегі бірқатар көшелерді қайта атау туралы ұсынысты қолдаған болатын. Соның нәтижесінде қалада Ермек Серкебаев, Владимир Толоконников, Ескендір Хасанғалиев және Юрий Померанцев сияқты өнер майталмандарының есімдерімен аталған жаңа көшелер пайда болды.

