1884-1953
Қоғам қайраткері
Әліби Жангелдин 1884 жылы Торғай даласының Қайдауыл ауылындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Орта жүздің қыпшақ руынан шыққан. Отбасында сегіз бала болыпты: үш ұл және бес қыз. Әліби тұңғыш бала болғандықтан, ерте жастан әкесіне байдың қойын бағуға көмектескен. Байлар малын шұрайлы Қайдауыл жеріне бағуға қалдырып отырған. Мал бағудан бөлек, әкесі жиі аңға шығатын және баласын да бірге ертіп жүретін. Әлібиді бөдене мен қаздарды ату қатты қызықтыратын. Сонымен қатар, ол Қайдауыл өңірінде жиі кездесетін ақбөкендер мен аққұйрықтарды да аулаған. Жеті жасынан атқа шапқан.
Әліби жас кезінен білімге құштар болды, алайда ауылда мектеп болмағандықтан, оқуға мүмкіндік болмады. Бір күні Торғайдан бір мұғалім Қайдауылға келіп, оның киімі мен жүріс-тұрысы жас Әлібиге қатты әсер етіп, мұғалім болсам деген арманын оятады. Сол мұғалім оның зеректігін байқап, мектепке шақырады. Алайда бұл ұсыныс әкесіне ұнамай, қарсы болады. Соған қарамастан, Әліби үйінен қашып, керуенге ілесіп, Торғайға жетіп, мектепке түседі. Мұғалімдермен, оқушылармен танысып, жер аударылған бір еңбек мұғалімімен ерекше достық орнатады. Дәл осы мектепте ол болашақ батыр Амангелді Имановпен алғаш рет кездеседі. Көп ұзамай әкесі оны тауып алып, үйіне қайтарады.
Үйінде болғанда қазақ даласындағы әділетсіздіктерді көріп, Әліби тағы да үйінен қашып, бұл жолы Қостанайға аттанады. Мұнда ол орыс-қазақ мектебіне түсіп, бір жылдың ішінде барлық пәндерді меңгеріп, мектепті үздік бітіреді. Кейін Орынбордағы рухани консисторияға түсіп, одан Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясына ауысады. Оқу озаты ретінде Мәскеудегі академияның тарих факультетіне қабылданады. Алайда 1905 жылы революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін 2-курста оқудан шығарылады.
Сол уақытта Әлібиде басқа халықтардың тұрмыс-тіршілігін тануға деген құштарлық оянып, 1910–1912 жылдары «Николай Степнов» деген жалған атпен Еуропа, Таяу Шығыс, Африка мен Азия елдеріне жаяу саяхат жасайды. Ол өзінің естелігінде: «Жер дүниені айналу саяхаты төрт жылдан артық уақытқа созылды. Мен теңіз және темір жолдармен жүргенді есептемегенде, фотоаппаратымды арқалап, жаяу он екі мың шақырым жүріп өттім. Күндіз жүрген жерлерімді суретке түсіріп, түнде оларды химикаттармен шығарып отырдым. Дәрістер оқып, баяндамалар жасап, суреттер сатып, тамағымды асырадым. Мен жаяу Польшаны, Австро-Венгрияны, Сербияны, Болгарияны, Түркияны, Сирияны, Палестинаны, Африканы, Египетті, Абиссинияны басып өттім. Кері қайтар жолымда Араб түбегі, Месопотамия, Персия, Үндістан, Цейлон, Малай архипелагы, Үндіқытай, Сиам, Аннам, Қытайдың оңтүстігі, Формоза аралы арқылы жүріп өттім. 1912 жылы Жапонияға жеттім» – деп жазған.
1911 жылы Женевада В.И. Ленинмен кездескен. 1913 жылы Қазақстанға оралып, революциялық үгіт-насихат жұмысын жүргізе бастайды. Патша өкіметінің қуғынынан Қырымға кетіп, кейін Петроградқа көшеді. 1916 жылы Торғайға келіп, Амангелді Имановпен бірге ұлт-азаттық көтерілісті басқарған. 1917 жылы Уақытша үкіметке қарсы күрес ұйымдастырып, халық арасында большевиктер идеяларын насихаттайды.
Сол жылдың қарашасында РКФСР Халық комиссарлары Кеңесі оны Торғай облысының төтенше соғыс комиссары етіп тағайындайды. Бірінші Торғай облысы Кеңестер съезінің төрағасы болады. 1918 жылы мамырда Дала өлкесінің төтенше комиссары ретінде тағайындалып, халық арасында беделді ұйымдастырушы, насихатшы, әскери басшы және саяси қайраткер ретінде танылады. Сол жылы В.И. Лениннің тікелей тапсырмасымен Астрахан арқылы Ақтөбе майданына қаржы, қару-жарақ жеткізген отрядты басқарады. Қызыл Әскер бөлімдерін ұйымдастыруға, Кеңес өкіметін нығайтуға үлкен үлес қосады.
1919 жылдың шілдесінен 1920 жылдың қазанына дейін Қырғыз-Қазақ өлкесін басқару жөніндегі соғыс-революциялық комитет төрағасының орынбасары болады. 1920 жылдың қазан айынан бастап Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Төралқасының төраға орынбасары және Қамсыздандыру халық комиссары қызметін атқарады. 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі, ал 1951 жылы оның төрағасының орынбасары болады. 1920 жылдан бастап РК(б)П Қырғыз (Қазақ) облыстық комитетінің және Қазақ АКСР-ның мүшесі, 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде сайланады. 1924 жылы РК(б)П 13-съезінің делегаты болған.
Марапатталған ордендері – Ленин ордені және Қызыл Ту ордені.
Оның есімімен Торғай облысының бір ауданы, бірнеше ұжымшар, Ақтөбе мен Астана, Алматы қалаларындағы көшелер аталған. Ақтөбе қаласында оған арнап ескерткіш орнатылған.
Әліби Жангелдин – қазақ халқының азаттығы жолында күрескен ірі саяси қайраткер, ағартушы және халық жадына терең сіңген тарихи тұлға.
Көшеге мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күресті ұйымдастырушылардың бірі Әліби Жангелдиннің есімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 21.08.1974 №332Б шешімі) берілген. Әліби Жангелдин (1884–1953) Торғай облысының (қазіргі Қостанай облысы) Қайдауыл ауылында дүниеге келген. Ә. Жангелдин 1916 жылғы Орта Азиядағы көтеріліс басшыларының бірі болған. 1917 жылдың қараша айынан Торғай өлкесінің төтенше әскери комиссары болды. Көшеге Әліби Жангелдиннің ескерткіш-бюсті орнатылған. Мүсіншісі: А.А.Исаев. Сәулетшісі: Н.И.Белоцерковский.
Көше солтүстіктен оңтүстікке қарай Рысқұлов көшесінен басталып, Мақатаев көшесіне дейінгі аралықта созылып жатыр. Көше Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарын қиып өтеді. Бұрынғы атаулары:
Көшенің ұзындығы — 5200 метр.
Шешім, қаулы күні | Атауы | Мәслихаттың шешімі | Әкімдіктің қаулысы |
---|---|---|---|
Бұл мәлімет жоқ | Әліби Жангелдин | Бұл мәлімет жоқ | Бұл мәлімет жоқ |