Абдолла Жармұхамедов

Абдолла Жармұхамедов
1896-1940
Қоғам қайраткері
Абдолла Жармұхамедов 1896 жылдың 13 қарашасында Шымкент облысы Жетісай ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1906 жылы оны үй иесінің ұлының орнына Ресейлік-түземдік мектепке (РТШ) оқуға береді. Алайда бұл мектепті аяқтамай, Самарқандтағы қалалық училищеге ауысып, оны 1913 жылы бітіріп шығады.
Еңбек жолы:
1914 жылы уездік басқармада хатшы, кейінірек аудармашы болып жұмыс істейді. 1917 жылдың қазанында Каттақорған (қазіргі Өзбекстан аумағы) қаласындағы солдаттар мен жұмысшылар депутаттары кеңесі оны уездік милиция бастығы етіп сайлайды. 1918 жылдың ақпанында Митак аудандық милиция басқармасына тағайындалады. 1919 жылы большевиктер партиясының қатарына қабылданып, Каттақорған уездік милициясының хатшысы, кейін төрағасы болады. Сол жылдың желтоқсанында Каттақорған қаласындағы Төтенше комиссия (ЧК) алқасының мүшесі болып сайланады. 1920 жылы Каттақорған қаласындағы ЧК-ның төрағасы, кейін уездік атқару комитетінің төрағасы, одан соң басмашылармен күрес жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. 1921 жылы Самарқандта облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. 1923 жылы Ферғана майданының революциялық комитеті төрағасының орынбасары. 1923 жылдың наурызынан бастап Түркістан АССР-інің Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) төрағасының орынбасары. 1924 жылдың желтоқсанында Түркістан АССР-інің НКВД халық комиссары болып тағайындалады. Сол жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің (ТуркЦИК) мүшесі болды. 1924 жылы Қызылқұм экспедициясының комиссары қызметін атқарды. 1926 жылдың наурызында Орта Азия бюросының шешімімен Тәжік АССР-інің Ішкі істер халық комиссары болып тағайындалды. Отанға оралғаннан кейін, А. Жармұхамедов алдымен Сауда халық комиссарының орынбасары, кейін Семей, Ақтөбе аудандық атқару комитеттері мен Алматы қалалық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1932–1934 жылдары Қазақстанның ҚК(б) Ақтөбе облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1933 жылдың 9 қарашасынан бастап – әділет комиссары. 1934 жылы А. Жармұхамедов әділет қызметкерлерінің Өлкелік кеңесін ұйымдастырды. Оның бастамасымен Алматыдағы Кеңестік құрылыс институтында заң бөлімі ашылды. 1935–1940 жылдары Аулиеата (қазіргі Тараз) ауданы мен Орал қаласында аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
Марапаттары:
Қызыл Ту орденімен үш рет марапатталған:
–1923 жылы Алай аңғарындағы басмашылықты жою үшін (Қызыл Әскер Революциялық Әскери Кеңесінің №2430 бұйрығы).
– 1924 жылы 4 қыркүйектегі №267 бұйрық.
– 1928 жылы 3 сәуірдегі №211/56 бұйрық.
Басмашылармен күрестегі ерлігі үшін «Маузер» тапаншасымен және алтын сағатпен марапатталған.
Бұхараның батысындағы басмашыларды жойғаны үшін Бұхара Қызыл Жұлдыз орденінің 2-дәрежесімен марапатталған.
Кеңес үкіметі кезінде Ташкент қаласындағы №118 мектепке оның есімі берілген.
1940 жылдың 21 қыркүйегінде өмірден өтті.
Ескерту
1980-жылдарға дейін кейбір құжаттарда ұлты – өзбек деп көрсетіліп келген.
Көше
Абдолла Жармұхамедов есімімен аталатын көше Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан. Ұзындығы 350 метр. Атау 1958 жылы берілген.
Сілтемелер
Өзгерістер тарихы
| Шешім, қаулы күні | Атауы | Мәслихаттың шешімі | Әкімдіктің қаулысы |
|---|---|---|---|
| 05.11.1958 | Абдолла Жармұхамедов | №19 | Бұл мәлімет жоқ |
