Ілияс Жансүгіров (1894-1938) – ақын, қоғам қайраткері. Ақынның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болған. Ақын қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны. І. Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді. Сонымен қатар А.Пушкиннің көптеген өлеңдерімен қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ М. Лермонтовтың, А. Горькийдің, Н. Некрасовтың, В. Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.