Ілияс Есенберлин (1915-1983) – қазақтың классик жазушысы. «Қазақфильм» киностудиясында редактор, «Қазгослитиздат» мекемесінде редактор, «Жазушы» баспасында директор, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарған. 16 жылда 15 шақты роман жазды. 1962 жылы драматургияда күшін сынап, «Таудағы тартыс» пьесасы Республикалық жас көрермен театрының сахнасында қойылды. К.Д. Ушинскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударды. І. Есенберлиннің қазақ әдебиетіндегі ең маңызды әрі көлемді шығармасы – «Көшпенділер» трилогиясы. 1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Трилогида қазақ халқының қалыптасуы, қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысы, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастары суреттеліп жазылған.