Байтұма Тұраров

Байтұма Тұраров

1919–2022

Байтұма Тұраров (1919–2022)

Байтұма Тұраров 1919 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Шалкөде өңірінде дүниеге келді. 1939 жылы кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, Киев қаласында әуе шабуылына қарсы күресетін прожектор полкінің құрамында дайындықтан өтті. Математикаға жүйріктігі мен орыс тілін жетік білуінің арқасында командирлер назарына ілігіп, прожекторды басқару мен ұшақтардың қашықтығын есептеу міндетін атқарды. Бұл аса күрделі әрі қауіпті қызмет болатын: жаудың бомбалаушы ұшақтарына бағыт-бағдар беріп, оларды зенитші жауынгерлердің нысанасына түсіру прожекторшылардың жауапкершілігінде болды.

1941 жылы соғыс басталған сәттен майданның алғы шебінде жүрді. 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралды. Соғыстағы ерліктері үшін жауынгерлік наградаларға, соның ішінде «Қызыл жұлдыз» орденіне ие болды. Жауынгерлік жолын 1947 жылы ауылына аман-есен оралып аяқтады.

Соғыстан кейінгі өмірін білім беру ісіне арнады. 1945 жылдан бастап Алматы облысында үздіксіз еңбек етіп, математика пәнінің білікті ұстазы атанды. 1970 жылы білім мен тәрбиедегі жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Қазақ ССР-інің және СССР-дің халық ағарту ісінің үздігі атанды, Райымбек ауданының Құрметті азаматы болды. Оның шәкірттері арасында математика ғылымдарының докторлары, ғылым кандидаттары, жүздеген жоғары білімді мамандар өсіп шықты. Соның бірі – белгілі ғалым, математика ғылымдарының докторы Аужан Сақабеков.

Ұстаздық еңбегінің ерекшелігі – әр сабағының ашық сабақ деңгейінде өтуінде еді. Ол шәкірт тәрбиелеуді ешқашан жалықтырмайтын, қайта шабытпен орындайтын. Өзінің айтуынша: «Мен тәрбиелеген, мен өсірген зерделі ізбасарларым аз емес, оларды көргенде өзімді орталарыңда жүргендей сезінемін» – деген ұстанымымен өмір сүрді.

Байтұма Тұраров отбасында да үлкен әулеттің иесі болды. Зайыбы Шынар апамен бірге төрт ұл, үш қыз тәрбиеледі. Балалары мен немере-шөберелері ата өнегесін жалғастырып, өркендеп келеді. Жүз жастың биігіне жетіп, шөбересінің қолынан су ішкен ардақты қария ұрпағына берекелі тәрбие қалдырды.

Ол өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрды, Әуезов ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі болды. 2022 жылы 103 жасында дүниеден өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагері Байтұма Тұраровтың есімі Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты көшелердің біріне берілген. Көшенің ұзындығы - 635 метр.


Картаға сілтеме әлі енгізілмеген

ТипіБұл мәлімет жоқ
Шешім, қаулы күніБұл мәлімет жоқ
Шешім, қаулы №Бұл мәлімет жоқ
АуданыТүрксіб
Ұзындығы635
Аумақтық орналасуыБұл мәлімет жоқ
Атау түріКісі есімі / Ер кісі

Өзгерістер тарихы

Шешім, қаулы күніАтауыМәслихаттың шешіміӘкімдіктің қаулысы
17.10.2025
Байтұма Тұраров
Бұл мәлімет жоқ
Бұл мәлімет жоқ