1924-2019
Ғалым
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар (13 желтоқсан 1924 жылы, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында туған — 27 ақпан 2019 жыл) — ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, түркітану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі.
Әбдуәли Туғанбайұлы 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ұлы жүздің Қаңлы руынан шыққан. 1941–1946 жылдары екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, майдангер атанды. 1951 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік институты) филология факультетін тәмамдап, 1951–1954 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында аспирантурада оқыды.
1954–1995 жылдары Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі институтында және Шығыстану институтында түрлі қызметтер атқарды: Ұйғыр-дүнген мәдениеті секторында кіші ғылыми қызметкер, кейін аға ғылыми қызметкер, 1961–1963 жылдары Ұйғыр филологиясы бөлімінің меңгерушісі, 1967–1978 жылдары институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1978–1995 жылдары институт директоры болды. 1995 жылдан бастап осы институттың құрметті директоры атанды.
Ол жарты ғасыр бойы қазақ және ұйғыр тілдері мен жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелерін зерттеумен айналысты. Жалпы түркітану ғылымына, қазақ тіл біліміне және ұйғыртануға қосқан үлесі монография, оқулық, сөздік, жинақ, мақала түрінде 400-ден астам еңбегінде көрініс тапты. Ғылыми мұрасының негізгі бағыттары: лексикология, диалектология, этнолингвистика, тіл құрылысы, түркітану мен алтаистика, ғылым тарихы, тіл саясаты. Сонымен қатар сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология салаларына елеулі үлес қосты. Оның зерттеулері моносиллабтар құрылым-құрамы, синкретизм құбылысы, гомогенді омонимдер, плеоназмдар, қос сөздер, еліктеуіш сөздер, өлі түбір, сөзжасам үлгілері, фонетикалық заңдылықтар, әдеби норма, стиль сияқты көптеген мәселелерді қамтыды.
Қайдар қоғамдық қызметте де белсенді болды. Ол қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыруға, тіл саясатына қатысты пікірлерді қоғамға жеткізуге атсалысты.
Мемлекеттік марапаттары қатарында: 1944 жылы КСРО-ның ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордені, 1984 жылы «Халықтар Достығы» ордені, 1985 жылы «Ұлы Отан соғысы» І және ІІ дәрежелі ордендері бар. 1971 жылы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасы, «Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген ғылым қайраткері» атағы, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атағы берілді. 1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы марапаты — «Отан» орденімен, 1998 жылы Түркия мемлекетінің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының «Ана тілі айбары» және «Қазақ тілінің жанашыры» белгілерінің иегері болды. 2014 жылы І дәрежелі «Достық» орденін Елбасының қолынан алды.
Ғылыми атақтары: 1970 жылы филология ғылымының докторы дәрежесі берілді, 1972 жылы профессор атанды. 1983 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1989 жылдан Мұстафа Ататүрік атындағы Түркия Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, 1991 жылдан Башқұртстан ғылым академиясының құрметті академигі атанды.
Әбдуәли Қайдар — бүкіл ғұмырын ғылымға, тіл біліміне, түркі әлемінің рухани бірлігіне арнаған ірі ғалым, Қазақстан ғылымының биік тұлғасы.
Алматы қаласы Мұхтар Әуезов ауданына филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Қайдардың есімі берілген. Көшенің ұзындығы - 850 метр.
Шешім, қаулы күні | Атауы | Мәслихаттың шешімі | Әкімдіктің қаулысы |
---|---|---|---|
15.10.2025 | Әбдуәли Қайдар | Бұл мәлімет жоқ | Бұл мәлімет жоқ |