Әбдіжәміл Нұрпейісов

Әбдіжәміл Нұрпейісов

1924-2022

Жазушы

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924 жылғы 22 қазан, Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылы – 2022 жылғы 5 ақпан) — Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі болып, ұлттық сөз өнеріне ғана емес, әлемдік әдебиетке де зор үлес қосты.

Әбдіжәмілдің ата-тегі Арал маңын ежелден қоныстанған Әлім тайпасының Шекті руынан, Жақайым тармағынан тарайды. Оның жетінші атасы Тайқожа батыр елдің қорғаушысы болса, кейінгі аталары Арғынбай би, Сыланбай бай, Нұрпейіс болыс өз дәуірінде ел басқарған, сөзі өтімді адамдар болған. Әкесi Кәрім ауылнай қызметін атқарып, аңшылықпен айналысқан, соғыс алдында балық колхозында еңбек еткен. 1944 жылы Тернополь түбіндегі шайқаста қаза тауып, артында төрт ұл қалдырғанымен, олардың ішінен майданнан аман оралған жалғыз ұл — Әбдіжәміл еді.

Жазушы балалық шағын теңіз жағасында өткізді. Ашаршылық жылдары балық аулаумен күнелткен елде Арқадағыдай қырғын ашаршылық болмағанымен, қиыншылықты көп көрді. Ол өз естелігінде бала күнінен сабаққа құштар болғанымен, тұрмыс жағдайының ауырлығы себепті оқуы үзіліп-жұлынып жүргенін айтады. Дегенмен, мектепті тәмамдап, 1942 жылы армия қатарына шақырылды.

Әскерде қысқа мерзімді курстарды оқып, Оңтүстік және Прибалтика майдандарында соғысқа қатысты. Луганск түбінде миномет ротасында саяси қызметкер болды, кейін штабтық қызмет атқарып, Балтық маңындағы Курлянд плацдармындағы қанды шайқастарға қатысты. Ол ашық айқастарда ерлік көрсетіп, Курляндия операцияларында соғысты аяқтады. Жауынгерлік жолында екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Әскерден 1946 жылдың желтоқсанында босап шыққан соң, армия қатарында жүріп бастап жазған «Курляндия» романын аяқтап, әдебиетке қадам басты. Бұл шығармасы жас жазушыға зор табыс әкеліп, Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атануына себеп болды. Ол бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып, кейін Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында оқып, 1956 жылы тәмамдады.

Әдебиетке келген кезінен бастап Әбдіжәміл Нұрпейісов проза саласында ғана емес, сын мен публицистикада да белсенділік танытты. 1962–1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып, әдеби сын мен көркем прозаның дамуына ықпал етті. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Кейін бірыңғай шығармашылықпен айналысып, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, президенті болып сайланды. 2000 жылы осы клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарып, редакторлар кеңесін басқарды.

Жазушының ең үлкен шығармашылық жетістігі — «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы. Бұл туындылар отыздан астам шетел тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің атын әлемге танытты. Оның шығармалары туралы Франциядан Луи Арагон, Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматов, Башқұртстаннан Мұстай Карим сияқты әлем әдебиетінің тұлғалары жоғары пікір білдірді. Қазақстандық классиктер Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және кейінгі буын әдебиетшілер де оның еңбектерін жоғары бағалады.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби еңбегі ел тарапынан да, мемлекет тарапынан да зор құрметке ие болды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Отан» ордендерімен марапатталды. 1985 жылы «Қазақ КСР халық жазушысы» атағы берілді. Сондай-ақ ол КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Бұл сыйлықты Қазақстаннан алған санаулы қаламгердің бірі — Мұхтар Әуезов пен Жұбан Молдағалиевпен қатар Әбдіжәміл еді.

1978 жылы режиссерлер Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин оның «Қан мен тер» романын экрандады. Фильмнің сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский жазып, басты рөлдерді Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов және өзге де танымал актерлер сомдады. Кинотуынды 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ көрмесінде алтын медальға ие болып, Ашхабадтағы кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» жүлдесін жеңіп алды.

2008 жылы Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Бұл Қазақстанда әдеби шығарма кейіпкерлеріне қойылған тұңғыш мүсіндік композиция еді.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің өмір жолы қазақ халқының XX ғасырдағы тарихымен, оның қасіреті мен қуанышымен, әдебиет пен мәдениеттің дамуымен біте қайнасып жатыр. Ол — соғыс майданынан өтіп, бейбіт өмірде ұлт әдебиетін биікке көтерген, артына өлмес мұра қалдырған ірі тұлға.

Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты көшелердің біріне халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі берілген. Көшенің ұзындығы - 2200 метр


2GIS-те ашу
Yandex-те ашу
ТипіБұл мәлімет жоқ
Шешім, қаулы күніБұл мәлімет жоқ
Шешім, қаулы №Бұл мәлімет жоқ
АуданыНаурызбай
Ұзындығы2200
Аумақтық орналасуыБұл мәлімет жоқ
Атау түріКісі есімі / Ер кісі

Өзгерістер тарихы

Шешім, қаулы күніАтауыМәслихаттың шешіміӘкімдіктің қаулысы
15.10.2025
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Бұл мәлімет жоқ
Бұл мәлімет жоқ